Қауіпсіздік бақылауда: Астанада «Қару» ЖПІШ қорытындыланды

Қауіпсіздік бақылауда: Астанада «Қару» ЖПІШ қорытындыланды

Елордада құқықтық тәртіпті нығайтуға және қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды.
Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері 1000-нан астам қару иесін қамтыған ауқымды тексеру және профилактикалық жұмыстар кешенін жүргізді. Іс-шара барысында қаруды сақтау, алып жүру және уақтылы тіркеу талаптарының сақталуына ерекше назар аударылды.
Тексеру нәтижесінде 31 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 15 дерек қаруды сақтау және алып жүру қағидаларын бұзу болса, 16 дерек қаруды тіркеу тәртібін сақтамау фактілері болды. Барлық құқық бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауаптылыққа тартылды.
Жалпы, қару айналымы қағидаларын бұзғаны үшін 37 бірлік тіркелген қару тәркіленді.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері заңсыз сақталған 7 бірлік қаруды анықтап, тәркіледі.
Астана қаласының Полиция департаменті мұндай іс-шаралар азаматтардың қару ұстауға деген жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтеді.
Елорда полициясы тұрғындарды қару айналымын реттейтін белгіленген талаптар мен қағидаларды қатаң сақтауға шақырады. Өйткені азаматтардың тәртібі мен құқықтық санасы қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі болып табылады.