
Астанада жыл басынан бері балалардың терезеден құлауы бойынша 7 дерек тіркелді, оның екеуі қайғылы жағдаймен аяқталған.
Осындай оқиғалардың алдын алу және балалар жарақаттануын азайту мақсатында елордалық полиция қызметкерлері тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Мемлекеттік органдармен бірлесіп аулаларды аралау ұйымдастырылып, адамдар көп шоғырланатын орындарда – саябақтарда, сауда-ойын-сауық орталықтарында және өзге де қоғамдық орындарда түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Азаматтарға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар мен ақпараттық материалдар таратылуда.
Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторлары күн сайын тұрғын үйлердің ортақ чаттарына, ата-аналар мен мектеп топтарына профилактикалық хабарламалар жолдап, тұрғын үйлердің кіреберістеріне, емханалар мен балалар мекемелеріне ескертпе парақтарын іледі.
Қайғылы жағдайлардың басым бөлігі ересектердің балалар қауіпсіздігіне салғырт қарауынан орын алады.
Ата-аналарды қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға және балаларды ұзақ уақыт қараусыз қалдырмауға шақырамыз:
* бала үйде болған кезде терезені ашық қалдырмаңыз;
* москиттік торларға сенбеңіз – балалар оған сүйеніп, бірге құлап кетуі мүмкін;
* терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын (бекіткіштер, блокираторлар) орнатыңыз, бала өздігінен аша алмауы тиіс;
* жиһазды терезеден алыс орналастырыңыз, бала оған шығып кетпеуі үшін;
Есіңізде болсын, баланың өмірі мен денсаулығы – баға жетпес құндылық!