
Астана қаласының Полиция департаментінің қызметкерлері қоғамдық орындарда адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге қатысты қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау жөнінде тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Полиция қызметкерлері азаматтарды қоғамдық орындарда адамның жүзін толық жабатын киімдерді киюге тыйым салынатыны жөнінде хабардар етеді. Бұл шаралар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, тұлғаны дер кезінде анықтауға жағдай жасауға, сондай-ақ қаладағы құқықтық тәртіпті сақтауға бағытталған.
Профилактикалық іс-шаралар аясында полицейлер тұрғындармен кездесулер өткізіп, заңнаманың негізгі талаптарын түсіндіреді, туындаған сұрақтарға жауап береді және белгіленген ережелерді сақтаудың маңыздылығына назар аударады. Азаматтарға қоғамдық орындарда тұлғаны анықтауға кедергі келтіретін киімдер мен аксессуарларды пайдалануға жол берілмейтіні ескертіледі.
Полиция департаменті аталған талаптарды сақтау құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.