Астана қаласы Полиция департаментінде 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындылары шығарылды

Астана қаласы Полиция департаментінде 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындылары шығарылды

Елорда Полиция департаментінде ПД бастығы, полиция генерал-майоры Марат Төлебаевтың төрағалығымен жедел кеңес өтіп, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындылары шығарылды.
Іс-шара барысында жедел-қызметтік қызметтің нәтижелері, елордадағы криминогендік ахуал, сондай-ақ Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылып жатқан шаралардың тиімділігі қаралды.
Департамент бастығының орынбасарлары баяндама жасап, қол жеткізілген нәтижелермен қатар, қосымша пысықтауды қажет ететін проблемалық мәселелерді де атап өтті. Бірқатар бағыттар бойынша қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар берілді.
Жыл басынан бері Астанада қылмыстардың барлық санаттары бойынша ашылу көрсеткішінің оң динамикасы байқалады. Ұйымдастырушылық және профилактикалық шаралардың нәтижелері, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстарға қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды.
Ішкі істер министрі жариялаған “Қауіпсіз балалық шақ кепілі” жылы аясында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жеке блок ретінде қарастырылды. Жасөспірімдер қылмысының алдын алу, сондай-ақ білім беру ұйымдарымен және ата-аналар қауымдастығымен өзара іс-қимылға баса назар аударылды.
Көші-қон бақылауы саласында да нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болған 400-ден астам шетел азаматы елден шығарылды.
Бұл бағыттағы жұмыс заманауи талдау құралдарын қолдана отырып, күшейтілген форматта жалғасуда.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында елордада полиция қызметіне заманауи технологиялар белсенді енгізілуде. Қазіргі таңда қалада 217 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, оның ішінде 56 мыңы Астана қаласы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына шығарылып, тәулік бойы бақылауға алынған.
Деректерді талдаудың зияткерлік жүйелері, сондай-ақ құқық бұзушылықтарды тиімді анықтауға және оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін ұшқышсыз ұшу аппараттары кеңінен қолданылуда.
Заманауи технологияларды қолдану арқылы абаттандыру қағидаларын бұзуды анықтау және алдын алу жұмыстарына ерекше назар аударылуда. Бұл жұмыс қаладағы тазалық пен тәртіпті сақтау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында да белсенді жүргізілуде.
Кеңес қорытындысы бойынша Марат Төлебаев жұмыстың сапасын одан әрі арттыру, профилактикалық бағытты күшейту және полиция қызметіне инновациялық шешімдерді енгізу қажеттігін атап өтті.
Жеке құрамға алдағы кезеңге нақты міндеттер қойылып, олар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, азаматтардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға және халықтың сенімін нығайтуға бағытталған.