
Елордада жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ауқымды рейдтік іс-шаралар өтті. Үш күн ішінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің 1 828 бұзушылығын анықтады.
Жол-көлік оқиғаларына жиі себеп болатын өрескел бұзушылықтарға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, 28 жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталды. Тағы 5 адам көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан рульге отырған, ал 28 адамның көлік басқаруға мүлде құқығы болмаған.
Қарсы бағыттағы жолаққа шығудың 11 дерегі тіркелді. Сонымен қатар, 13 автокөлік мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз қозғалған.
Рейд барысында патрульдік полиция полкінің қызметкерлері «Skoda Superb» маркалы автокөліктің 32 жастағы жүргізушісін анықтады. Ол мемлекеттік тіркеу нөмірін әдейі қағазбен жауып, жасырған. Құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, көптеген жүргізушілер қарапайым қауіпсіздік талаптарын елемейді: 103 адам көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланған, ал 210 жүргізуші сақтандыру полисінсіз жүрген.
Рейд қорытындысы бойынша 113 автокөлік арнайы коммуналдық тұраққа қойылды.
Жылы мезгілдің басталуымен полиция назары жол қозғалысының жаңа қатысушылары — электр самокат жүргізушілеріне де аударылды. Бірнеше күн ішінде олардың қатысуымен 101 құқық бұзушылық анықталды.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, әсіресе мас күйде рульге отырмауға және ұялы құрылғыларға алаңдамауға шақырады. Сондай-ақ жылдамдық режимі мен жол таңбаларын сақтау маңызды. Электр самокат пайдаланушыларға қауіпсіздік ережелерін сақтап, қорғаныс құралдарын қолдану ұсынылады.