
Елорда полициясының қызметкерлері есірткі заттарын сақтау және таратуға күдікті 25 жастағы ер адамды ұстады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер «Chery» маркалы автокөлікті тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші заңды талапқа бағынбай, тоқтамай, жасырынуға әрекет жасаған. Қуғын барысында ол тұрғын үй ауласына кіріп, екі тұрақта тұрған автокөлікпен соқтығысқан.
Одан кейін ер адам көлікті тастап, жаяу қашпақ болғанымен, полиция қызметкерлері оны ұстады.
Көлікті тексеру барысында артқы орындығынан жасыл түсті оқшаулағыш таспамен оралған, ұнтақ тәрізді зат салынған орама табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл зат — жалпы салмағы шамамен 500 грамм болатын «Альфа-PVP» есірткі заты екені анықталды.
Аталған дерек бойынша есірткі заттарын тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция ескертеді: есірткіге байланысты кез келген әрекет — сақтау болсын, тарату болсын — ауыр қылмыс болып саналады және ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына әкеледі. Жауапкершіліктен қашу, айғақтарды жою немесе жасырыну әрекеттері жағдайды тек ушықтырып, жазадан босатпайды.