Елордада «Taza fest» ауқымды антинаркотикалық концерті өтті

Елордада «Taza fest» ауқымды антинаркотикалық концерті өтті

Елорда полициясы Мемлекеттік академиялық филармонияда жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мақсатында «Taza fest» атты ауқымды профилактикалық концерт ұйымдастырды. Іс-шараның ашылуына Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев және ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірхан қатысты. Концерт жаңа форматта – шығармашылық, еркін қарым-қатынас және елордалық жоғары оқу орындарының студенттерімен ашық диалог арқылы өтті.
Сахнада өнер көрсеткен танымал қазақстандық орындаушылар полицияның бастамасын қолдап, жастарды есірткіге «жоқ» деп нық айтуға шақырды. Концерт аясында есірткі қолданудың салдары мен заң талаптарын сақтаудың маңызын көрсететін тақырыптық бейнероликтер мен әлеуметтік жарнамалар ұсынылды.
«Taza fest» жастар арасында құқықтық және адамгершілік мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жарқын әрі есте қаларлық алаңға айналды. Ол әр адамның жеке таңдауы мен өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауының маңызын айқындады. Іс-шара «Астана – есірткісіз қала» ұранымен өтіп, елордалық полицияның есірткі құқық бұзушылықтарына қарсы кешенді шараларының бір бөлігі болды.
Мұндай акциялардың маңызы зор: олар жастарға салауатты өмір салтының құндылығын тиімді жеткізіп, есірткіге деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастырады және құқық қорғау органдары мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтады.