VIP-нөмір кезексіз: 200 мың теңгеге «қызметтің» соңы немен аяқталды

VIP-нөмір кезексіз: 200 мың теңгеге «қызметтің» соңы немен аяқталды

Астана қаласында полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен 31 жастағы ер адамды анықтады.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті мемлекеттік VIP тіркеу нөмірін алып беруге, сондай-ақ әкімшілік айыппұлдарды «алып тастауға» көмектесемін деген желеумен жәбірленушінің шамамен 200 мың теңге көлеміндегі ақшасын алдап иемденген.
Анықталғандай, ол жәбірленушімен ортақ танысы арқылы танысып, қажетті мүмкіндіктері бар екенін айтып, өз «қызметін» ұсынған. Ақшаны алғаннан кейін күдікті байланысқа шықпай қойған.
Оқиға бойынша жәбірленуші полицияға арызданған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ер адам елорданың аудандарының бірінде ұсталды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға ескертеді: мемлекеттік тіркеу нөмірлерін рәсімдеу, сондай-ақ әкімшілік айыппұлдарға қатысты мәселелер тек ресми мемлекеттік сервистер арқылы жүзеге асырылады. Күмәнді делдалдарға сенбеңіздер және олардың өкілеттілігін растамайынша үшінші тұлғаларға ақша бермеңіздер.