
Астанада полиция қызметкерлері алаяқтық әрекеттің алдын алып, оның құрбанына айналуы мүмкін 83 жастағы елорда тұрғынын сақтап қалды.
Қарт әйел әлеуметтік желіден табысы жоғары деген жалған жарнаманы көрген. Шарт бойынша «табыс табу» үшін халықаралық ақша аударымы арқылы қаражат жіберіп, сондай-ақ «жұмысқа орналастыру» үшін төлем жасау қажет болған.
Ақпаратқа сеніп қалған зейнеткер жинаған ақшасын шешіп алып, 1300 еуроны халықаралық аударым арқылы жіберу үшін бөлімшеге барған. Бөлімше қызметкерлері қырағылық танытып, алаяқтық болуы мүмкін екенін байқап, бірден полицияға хабар берген.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері мән-жайды анықтап, әйелге алаяқтардың құрбанына айналуы мүмкін екенін түсіндіріп, ақша аударудан сақтандырды. Бірлескен әрекеттердің арқасында оның жинаған қаражаты сақталып қалды. Сонымен қатар полицейлер зейнеткердің туыстарымен байланысып, болған жағдай туралы хабардар етті.
Айта кету керек, бұған дейін полиция қызметкерлері халықаралық ақша аударымдары жүргізілетін бөлімшелерде профилактикалық жұмыстар жүргізген. Қызметкерлерге, әсіресе шетелге ақша аудармақ болған қарт адамдарға назар аударып, күмән туған жағдайда олардың алаяқтардың ықпалында жоқ екеніне көз жеткізу қажеттігі түсіндірілген.