
Елордада «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында, сондай-ақ жастар арасында заңға құрметті қалыптастыру және құқықтық мәдениетті дамыту мақсатында №55 орта мектептің «Жас сақшы» профильдік сыныбының оқушылары халықаралық UAE SWAT Challenge турнирінің 2026 жылғы жеңімпаздары — Айнагүл Байжігітова, Елдос Сартай және Мөлдір Атанаймен кездесті.
Полицейлер оқушыларға ішкі істер органдарындағы қызмет, халықаралық жарыстарға қатысу және күрделі кәсіби сынақтарға дайындық туралы айтып берді. Әрбір қызметкер жеке тәжірибесімен бөлісіп, оқушыларға ақыл-кеңес беріп, тәртіптің, мақсатқа ұмтылудың және өз-өзіңмен үнемі жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.
Әңгіме барысында құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қызметтік міндеттерін атқару кезінде қажет болатын дене дайындығы, командалық жұмыс және жоғары жауапкершілік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Оқушылар диалогқа белсенді қатысып, қызметтің ерекшеліктері мен халықаралық турнирлерге дайындық шарттары туралы сұрақтар қойды.
«Мұндай жарыстардағы жеңіс — бұл күнделікті еңбектің, тәртіптің және мықты команданың нәтижесі. Егер адам өз алдына мақсат қойып, соған табанды түрде ұмтылса, үлкен жетістіктерге жете алады», — деп атап өтті Елдос Сартай.
Кездесу соңында оқушылар қонақтарға қызықты әңгіме үшін алғыс айтып, халықаралық аренадағы табысты өнер көрсетулерімен құттықтады.
Осындай кездесулерді Астана қаласының Полиция департаменті тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Олар жастардың құқықтық және патриоттық тәрбиесін қалыптастыруға бағытталған.