Елордада бір күнде 500-ге жуық құқық бұзушылық анықталды

Елордада бір күнде 500-ге жуық құқық бұзушылық анықталды

Елордада республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қаладағы құқықтық тәртіпті сақтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Бақылауды күшейту мақсатында полицияның түрлі бөлімшелерінің қызметкерлерінен мобильді топтар құрылды. Тәртіп сақшылары аулаларды аралап, саяжай алқаптарын, жалдамалы пәтерлерді, сондай-ақ шетел азаматтары тұруы мүмкін орындарды тексеруде.
Іс-шаралардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, көші-қон заңнамасын бұзу деректерін анықтау, сондай-ақ қоғамдық орындарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Алғашқы күннің өзінде шамамен 500 құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 80-нен астамы қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу немесе мас күйде жүру фактілері болса, 200-ден астамы тіркеусіз тұру деректері. Сонымен қатар 70-ке жуық көші-қон заңнамасын бұзу жағдайы анықталды.
Мәселен, таңертең қала көшелерінің бірінде полиция қызметкерлері мас күйдің айқын белгілері бар 28 жастағы ер адамды тоқтатты. Қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Елорда аумағында жедел-профилактикалық іс-шара жалғасуда. Полиция азаматтарға заң талаптарын және қоғамдық тәртіпті қатаң сақтауды ескертеді.