Қоғамдық көлік қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу: елордада бақылау күшейтілді

Қоғамдық көлік қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу: елордада бақылау күшейтілді

Астанада «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды.
Тексеру барысында қаланың 9 автопаркі қамтылды. Көлік құралдарының техникалық жай-күйіне, қоғамдық көліктерге, оның ішінде таксилерге кешенді тексерулер жүргізілді. Құжаттарының болуы мен дұрыс рәсімделуі, сондай-ақ жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауы, жолаушыларды тасымалдау қағидаларын орындауы назарға алынды.
Іс-шара қорытындысы бойынша жолаушылар тасымалы саласында шамамен 1600 құқық бұзушылық анықталды. 370-тен астам көлік құралы техникалық талаптарға сәйкес келмейтіні белгілі болды. 330-дан астам көлік құралы міндетті техникалық байқаудан өтпей пайдаланылған.
Сонымен қатар қауіпсіздік белдіктерін пайдалану қағидаларын бұзудың 390-нан астам дерегі, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон қолданудың 180 фактісі және көлік жүргізу құқығынсыз басқарудың 60 дерегі тіркелді.
Такси қызметіне ерекше назар аударылды: қоғамдық орындарда азаматтарға такси қызметін ұсыну мақсатында мазалап жүгінгені үшін 190-нан астам жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолаушылар тасымалы саласында тәртіп орнату бағытындағы жұмыстар тұрақты негізде жалғасатын болады.