Қызметте де, спортта да — үздіктер!

Қызметте де, спортта да — үздіктер!

Қазақстан Республикасының жеңіл атлетикадан чемпионаты мен біріншілігі Қарағанды қаласында жоғары деңгейде ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген ардагерлер мен әуесқой спортшыларды бір арнаға тоғыстырды. Жарысқа 18 бен 65 жас аралығында 250-ден астам спортшы қатысты.
Жабық кешенде өткен тартысты бәсекеде Астана қаласы Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері ерекше дайындық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, елорданың абыройын асқақтатты.
Полиция капитаны Ізбасар Мұсабеков нағыз чемпиондық рухын паш етті. Ол бірнеше қашықтықта қарсыластарынан оқ бойы озды. Ізбасар 35-39 жас аралығында 200,400,800 метр және 4×200 метрлік эстафетада І орын иеленді.
Бір жарыстың өзінде төрт мәрте жеңіс тұғырынан көріну — жоғары төзімділік пен темірдей тәртіптің айқын дәлелі. Бұл — күнделікті қажырлы дайындықтың, мақсатқа адалдықтың және нағыз спорттық мінездің жемісі.
Сонымен қатар полиция аға лейтенанты Айхат Ибрашов та тамаша нәтиже көрсетіп, 18-25 жас аралығында сайысқа түсіп, 60 метрлік қашықтықта І орын және 400 метрге жүгіруден ІІ орын иегері атанды.
Олардың бұл жетістігі — қызмет пен спортты қатар алып жүрген тәртіп сақшыларының жан-жақты дамуының жарқын көрінісі. Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қырағылық танытатын қызметкерлер спорт алаңында да табандылық, төзімділік және жеңіске деген жігерімен дараланды.
Бұл жеңістер — тек жеке жетістік емес, бүкіл ұжымның мерейі. Спорт арқылы шыңдалған рух пен мықты денсаулық — кәсіби қызметтің де кепілі.
Астана қаласы Полиция департаментінің намысын қорғаған әріптестерімізді шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, көк туымызды талай мәрте желбірете берулеріне тілектеспіз!