
Елордада Ілияс Жансүгіров атындағы № 58 мектеп-гимназиясында құқық бұзушылықтың, оның ішінде есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған профилактикалық кездесу өтті. Іс-шараны полиция қызметкерлері арнайы барып ұйымдастырып, жоғары сынып оқушыларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесуге Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Айтжан Танқақов және ювеналды полиция инспекторы Алмагүл Алмағанбетова қатысты.
9–11 сынып оқушыларына есірткі құралдарының адам денсаулығына тигізетін зияны, оның психологиялық және әлеуметтік салдары кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар үшін заңнамада көзделген жауапкершілік шаралары нақты мысалдар арқылы баяндалды.
Кездесу барысында оқушыларға зиянды әдеттердің салдары, заң талаптарын сақтау және салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы айтылды. Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан құқықтық кеңестер алды.
Мұндай алдын алу шаралары жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, есірткі қылмысының алдын алуға және қоғамда заң мен тәртіпті нығайтуға бағытталған.