Астанада табиғатты қорғау және браконьерліктің алдын алу бойынша рейдтер өтуде

Астанада табиғатты қорғау және браконьерліктің алдын алу бойынша рейдтер өтуде

Елордада экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу мақсатында кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Полиция қызметкерлері табиғатты қорғау органдарымен бірлесіп заңсыз аң аулау, балық аулау, жасыл желектерді кесу және биологиялық ресурстар нысандарының заңсыз айналымы деректерін тексеруде.
Жергілікті жерлерде жұмыс істеу үшін 6 мобильді топ құрылған. Осы кезеңде 26 рейд өткізілді, оның 20-сы табиғатты қорғау органдарымен бірлесіп ұйымдастырылды. Рейд барысында балық қабылдау орындары, заңсыз жолмен ауланған өнімді өткізуі мүмкін нүктелер, сондай-ақ қару иелерінің қаруды сақтау және пайдалану қағидаларын сақтау мәселелері тексерілуде.
Іс-шаралар қорытындысы бойынша 44 құқық бұзушылық анықталды. Оның басым бөлігі азаматтық және қызметтік қару айналымы қағидаларын бұзуға қатысты. Сонымен қатар қаруды заңсыз сақтау және жасыл желектерді күтіп-ұстау талаптарын бұзу фактілері тіркелді. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 2,6 млн теңгеден асты.
Полиция браконьерлік, ағаштарды заңсыз кесу және жануарлар дүниесі нысандарын заңсыз сату қала экологиясына елеулі зиян келтіретінін ескертеді. Азаматтарды бейжай қарамауға және экологиялық құқық бұзушылық фактілері туралы «102» нөміріне хабарлауға шақырады. Табиғатты қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз.