
Астана қаласы Полиция департаментінің туристік полиция қызметкері Жеңіс Өнербек Англиядан келген туристерге көмек көрсетіп, қонақжайлықтың жарқын үлгісін танытты.
Қала көшелерін еркін әрі қауіпсіз аралау мақсатында полиция қызметкері шетелдік азаматтарға такси қызметін шақырып беріп, елордадағы негізгі бағыттар көрсетілген жол картасы мен саяхат картасын сыйға тартты. Сонымен қатар, туристерге Астананың көрікті орындары, мәдени нысандары, демалыс аймақтары мен тарихи мекендері туралы кең көлемде ақпарат беріп, баруға ұсынылатын әдемі жерлерді таныстырды.
Кездесу барысында қауіпсіздік шаралары, қоғамдық тәртіпті сақтау және туристер үшін маңызды қызметтер туралы да түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Туристер полиция тарапынан көрсетілген қамқорлық пен ілтипатқа ризашылықтарын білдіріп, елорда туралы жағымды әсер алғандарын атап өтті.
Туристік полицияның негізгі міндеті – шетелдік және отандық туристерге жедел көмек көрсету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстанның халықаралық деңгейдегі оң имиджін қалыптастыру. Астана қаласы Полиция департаменті қала қонақтарына қолайлы, қауіпсіз және жайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады.