
Астанада жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және жүргізушілер арасында арнайы қызмет көліктеріне құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Өрт сөндіру көлігіне жол бер» атты профилактикалық акция өткізілді.
Аталған іс-шараны ұйымдастыруға №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі мен елордалық патрульдік полицияның мамандандырылған батальонының қызметкерлері қатысты.
Акция барысында жол қозғалысына қатысушылармен түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүргізілді. Полиция қызметкерлері жүргізушілерге жедел қызмет көліктеріне дер кезінде жол беру қажеттігін, сондай-ақ арнайы көліктерге қозғалыс барысында басымдық бермеу үшін заңнамада көзделген жауапкершілікті еске салды.
Іс-шара аясында қала көшелерімен жарық және дыбыстық арнайы белгілері қосылған өрт сөндіру көлігі жүріп өтті. Бұл жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтаудың және жедел қызметтердің кедергісіз өтуінің маңыздылығын көрнекі түрде көрсетті.
Полиция ескертеді: жедел қызмет көліктеріне жол бермеу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады және ауыр салдарға алып келуі мүмкін. Жүргізушілер жолда мұқият болып, уақытылы жол беру адам өмірін сақтап қалуы мүмкін екенін ұмытпаулары тиіс.