Болашақты таңдау: жастарға есірткінің зияны туралы жеткізу

Болашақты таңдау: жастарға есірткінің зияны туралы жеткізу

«Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында елордада жастар арасында есірткі тұтынудың алдын алуға бағытталған түбегейлі жаңа тәсіл жүзеге асырылуда. Бұл тәсіл жастарды тартуға, ашық диалог құруға және өмірлік құндылықтарды қалыптастыруға негізделген.
Осындай форматтың жарқын үлгісі ретінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Астана – есірткісіз қала!» профилактикалық акциясын атап өтуге болады. Іс-шара дәстүрлі дәрістерге емес, студенттермен ашық, шынайы әрі еркін әңгіме өрбітуге бағытталды. Мұнда жастар тыңдаушы ғана емес, диалогтың белсенді қатысушысы болды.
Акцияның басты мақсаты – жастардың бойында өз таңдауы үшін жауапкершілік, дамуға және өзін-өзі жүзеге асыруға ұмтылыс, болашаққа саналы көзқарас сияқты тұрақты құндылықтарды қалыптастыру. Жеке өмірлік оқиғалар, нақты мысалдар мен ашық әңгіме арқылы қатысушыларға жарқын әрі мазмұнды өмірдің зиянды әдеттерсіз де мүмкін екені көрсетілді.
Іс-шараны Астана қаласының Полиция департаменті мәдениет, киноиндустрия, медиа саласының өкілдері және денсаулық сақтау мамандарының қатысуымен ұйымдастырды. Осындай форматта жастар өздерін толғандырған сұрақтарды тікелей қойып, ешқандай ақыл айту мен қысымсыз, ашық жауап алу мүмкіндігіне ие болды.
Полиция қызметкерлері мен дәрігер-наркологтар нақты салдар мен жеке жауапкершілікті түсіндіру арқылы сөйлеп, таңдау мен оның нәтижесіне баса назар аударды. Бұл тәсіл студенттермен сенімді қарым-қатынас орнатуға және олардың қызығушылығы мен белсенділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Бағдарлама арнайы бөлімшелер мен кинологиялық қызметтің көрсетілімдерімен толықтырылып, есірткі қылмысына қарсы күрестің практикалық қырын айқын көрсетті және аудиторияның қызығушылығын күшейтті.
Іс-шара спикерлері қатарында: журналист, актриса, тележүргізуші Айгүл Мүкей; театр және кино актері, режиссер Даурен Серғазин; кино актері, продюсер, режиссер Шертім Нұрдәулет; театр және кино актерлері Адильжан Шомбалов пен Ержан Жаманкұлов; продюсер, маркетолог Нұрлан Туминбаев; дәрігер-нарколог Назым Омарова; Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Дамир Байбазаров болды.
Осындай профилактикалық жұмыстың форматы елорда жастары арасында өзінің тиімділігі мен сұранысқа ие екенін көрсетіп, өмірлік құндылықтарға саналы көзқарасты қалыптастыруға және жастар мен құқық қорғау органдары арасындағы әріптестікті нығайтуға ықпал етуде.