
«Жігітке жеті өнер де аз» деген Астана қаласы Полиция департаменті Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының инспекторы, полиция аға лейтенанты Думан Бекеновке дөп келеді.
2001 жылы Ұлытау облысы Жезқазған қаласында дүниеге келген Думан Дарханұлы көпшілікке «X-Factor» және «Қазақстан дауысы» жобалары арқылы танылған. Бүгінде ол полиция қызметкерлерінен құралған «ALAІ» шығармашылық тобының мүшесі. Ұжымның алғашқы әні – «Отанға қызмет» болса, «Есте» атты туындысы «Капитан Байтасов» көркем фильмінің саундтрегі ретінде көрерменге жол тартты.
Думан құқық қорғау саласына 2023 жылы келді. Талантты тәртіп сақшысы түрлі мерекелік және қайырымдылық іс-шараларда белсенді өнер көрсетіп жүр. .
Жуырда жарық көрген «Папа-герой» атты әні Думан Бекеновтің шығармашылығында ерекше орын алады. Авторлық әнін Астана қ. ПД Жедел басқару орталығының кезекші инспекторы, полиция майоры Асем Жиенгалиевамен дуэт еткен. Бұл туынды – әкеге деген құрмет пен перзенттік алғыстың, отбасы құндылықтарының терең мағынасын ашатын жүрекке жылы ән. Айта кетейік, аталған туындының сөзін жазған Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Арман Жолдығұлов және Думан Бекенов.
Шығарма әке бейнесіне арналған отбасылық құндылықтарға құрмет, сондай-ақ қыздар мен ұлдардың өміріндегі әкенің рөлінің маңызын түсіну мен оған деген алғыс тақырыптарын ашады.
Композиция жарық көрген сәттен бастап тыңдармандар тарапынан кең қолдау тауып, әлеуметтік желілерде оң пікірлерге ие болды. Музыка арқылы орындаушылар әкенің бейнесін ерлік, жауапкершілік және шынайы қамқорлықтың символы ретінде жеткізе білді.