«Есірткіге — жоқ! Жайдарман жұлдыздары студенттерді салауатты өмір салтына шақырды»

«Есірткіге — жоқ! Жайдарман жұлдыздары студенттерді салауатты өмір салтына шақырды»

Елордада «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында елордалық Полиция департаменті ұйымдастырған есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған мазмұнды әрі әсерлі іс-шара өтті. «Астана — есірткісіз қала!» акциясы шеңберінде Қ. Құлжанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінің студенттері үшін интерактивті алаң ұйымдастырылып, онда жастар есірткінің зияны мен салауатты өмір салтының маңызы туралы көрнекі түрде мағлұмат алды.
Елімізге кеңінен танымал «Астана» Жайдарман командасы студенттермен арнайы кездесті. Танымал әзілкештер жастарға белсенді өмір салтын ұстануға, зиянды әдеттерден бас тартуға шақырды.
Кездесу барысында команда мүшелері өздерінің юморы мен харизмасы арқылы мотивациялық әрі жағымды атмосфера қалыптастырып, студенттерге ерекше серпін сыйлады. Жастар сүйікті әртістерімен еркін тілдесіп қана қоймай, салауатты әрі белсенді өмірге деген жігер алды.
Сонымен қатар, іс-шара барысында полиция қызметкерлері мен нарколог мамандар сөз сөйлеп, есірткіні қолданудың салдары туралы жан-жақты түсіндірді. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ сарбаздары көрсетілім ұйымдастырса, кинологтар қызметтік иттермен бірге тыйым салынған заттарды іздеу тәсілдерін көрсетті.
Аталған іс-шара қатысушыларға ерекше әсер қалдырып, полиция, медицина қызметкерлері және қоғам белсенділерінің бірлескен жұмысы жастар арасында қауіпсіз әрі салауатты ортаны қалыптастыруда маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Полиция департаменті жастар арасында есірткіге қарсы профилактика жүргізу және салауатты өмір салтын насихаттау басым бағыттардың бірі екенін еске салады. Құқық қорғау органдары студенттер мен жасөспірімдерге есірткінің және өзге де зиянды әдеттердің қауіптілігі туралы ақпарат беруге бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде өткізеді.