
Полиция қызметкерлері отбасымен бірге серуендеу кезінде елордадағы жағалауда адасып қалған төрт жасар балаға көмек көрсетті.
Сырғанақ теуіп жүрген сәтте бала ата-анасынан қалып қойып, оларды көзден таса еткен. Жалғыз қалған бала жылап жіберген. Мұны аумақты патрульдеп жүрген полиция қызметкерлері байқап қалған.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері балаға жақындап, оны тыныштандырып, ата-анасының қай жерде екенін жедел түрде анықтады. Қысқа уақыт ішінде бала аман-есен ата-анасына табысталды.
Ата-анасы полиция қызметкерлеріне көрсеткен қамқорлығы мен жедел әрекеттері үшін алғыс білдірді.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды көпшілік демалыс орындарында балаларға ерекше мұқият болуға шақырады.