
Астана қаласы Полиция департаментінің Кинологиялық орталығы қызметтік иттерді пайдалана отырып, «Заң және тәртіп» қағидаты аясында елорда аумағына кіреберістегі бекеттерде заңсыз айналымдағы есірткі заттарын анықтау және заңмен тыйым салынған заттарды тәркілеу бойынша жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.
Сонымен қатар, Астана қаласы бойынша почта бөлімшелері арқылы жөнелтілетін сәлемдемелер мен жүктерге тұрақты түрде тексеру жұмыстары ұйымдастырылып, есірткі тасымалы мен өзге де заңсыз әрекеттердің жолы кесіледі.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында адамдар көп шоғырланатын орындар мен спорттық нысандарда өтетін іс-шаралар кезінде жарылғыш заттарды анықтау бағытында да белсенді қолданылады.
Қызметтік иттердің көмегі ауыр қылмыстар – тонау, ұрлық, қарақшылық фактілерінің жедел ашылуына ықпал етіп жүр және көптеген бұзақылық пен құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік туды.
Кинологиялық орталықтағы иттер арнайы дайындықтан өткен және түрлі бағыттарға бейімделген: із кесу, қорғау, одорологиялық іріктеу, есірткі және жарылғыш заттарды табу.
Сонымен бірге, кинолог мамандар профилактика бағыты бойынша да мектеп оқушылары мен студенттерге арналған кездесулер өткізіп, қызметтік иттердің қылмысқа қарсы жұмыстарын таныстырады, құқықтық тәрбие мен заңға бағынудың маңыздылығын түсіндіреді. Бұл шаралар жас ұрпақ арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Кинолог мамандар қызметтік иттердің көмегімен 70 келіге жуық есірткі затын анықтап, тәркіледі. Бұл – кинологиялық қызметтің кәсіби деңгейі мен тиімді жұмысының нақты нәтижесі.
Алдағы уақытта орталық есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және профилактикалық шараларды жандандыру мақсатында кешенді жұмыстарды жалғастыратын болады.
Бұл бағыттағы барлық іс-шаралар «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүйелі түрде жүзеге асырылуда.