
Елордада 9–12 қаңтар аралығында заңсыз сақталған қару мен оқ-дәрілерді анықтау және тәркілеу, олардың иелерін белгілеу, сондай-ақ қаруды тіркеу мен сақтау талаптарының сақталуын тексеруге бағытталған «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері 4 тапанша мен 3 мылтықты тәркіледі. Анықталғандардың қатарында бір иесі қараусыз қалған вагонның еденінің астына жасырған сигналдық және пневматикалық тапаншалар бар. Тағы бір азамат мылтықты өз үйінде диванның астына жасырған, ал үшіншісінен жеке тінту кезінде травматикалық тапанша табылды.
Барлық жағдайларда қару тәркіленді. Аталған фактілер бойынша қаруды заңсыз сақтау дерегімен қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі уақытта олардың шығу арналары анықталуда.
Полиция қаруды заңсыз сақтау, алып жүру және қолдану қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Азаматтарға заң талаптарын қатаң сақтап, қаруды қауіпсіз әрі заңды түрде сақтау, сондай-ақ заңсыз сақталған қару-жарақты ерікті түрде тапсыру ұсынылады. Бұл жауапкершіліктен құтылуға және мүмкін болатын қайғылы салдардың алдын алуға мүмкіндік береді.