
8–10 қаңтар аралығында Астана қаласында «Жалған нөмірлер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Іс-шара көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзудың алдын алу, анықтау және жолын кесу, соның ішінде көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін орнату және пайдалану деректерін анықтау мақсатында ұйымдастырылған.
Іс-шара аясында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысы күшейтіліп, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, оның ішінде көлік прокуратурасы, көліктік бақылау инспекциясы және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тартылды. Сонымен қатар ақылы автомобиль жолдары дирекциясымен бірлесіп, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін автоматты түрде тану жүйесін пайдалану арқылы аталған құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша өзара іс-қимыл ұйымдастырылды.
Жалған мемлекеттік нөмірлік белгілерді пайдалану — заңнаманы өрескел бұзу болып табылады. Бұл жүргізушінің жеке басын анықтауға кедергі келтіріп, құқық қорғау органдарының жұмысына қиындық туғызады және жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді.
Астана қаласының Полиция департаменті жүргізушілерді Жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға және белгіленген талаптарға сәйкес келетін мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалануға шақырады.