Алдап алып, телефонмен ғайып болды: елордалық полиция телефонды иесіне қайтарды

Алдап алып, телефонмен ғайып болды: елордалық полиция телефонды иесіне қайтарды

Елордада алаяқтық жасады деген күдікпен 28 жастағы ер адам анықталды.
Ол қаладағы автожуу орындарының біріне ресми түрде рәсімделмей, жуу қызметкері болып жұмысқа тұрған. Жұмысының екінші күні-ақ кетуді ұйғарып, әріптесінің ұялы телефонын өзімен бірге алып кеткен. «Қоңырау шалу керек» деген сылтаумен телефонды сұрап алып, бой тасалаған.
Күдіктінің әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кейін ол ұрланған құрылғыны пайдаланып жүрген, алайда полиция қызметкерлері оның жеке басын анықтап, телефонды тәркіледі. Аталған дерек бойынша алаяқтық фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Полиция жұмыс берушілерге қызметкерлерді ресми түрде рәсімдеп, олардың жеке басын тексеру қажеттігін ескертеді. Ал азаматтарға құнды заттарын бейтаныс адамдарға, тіпті «бір минутқа» болса да бермеуге кеңес береді. Зат жоғалған жағдайда 102 пультіне дереу хабарласу қажет.