
Елордада жаңа жыл мерекелері қарсаңында 15–31 желтоқсан «Шырша» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың қауіпсіздігін күшейту, сондай-ақ қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу, тасымалдау және сату фактілерінің алдын алу.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері уәкілетті органдармен бірлесіп шырша сату орындарында, базарлар мен сауда нүктелерінде, сондай-ақ елорданың жасыл белдеу аумағында рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
Бірлескен рейдтік іс-шаралар тәулік бойы ұйымдастырылып, 15 желтоқсаннан бастап қылқан жапырақты жас ағаштарды заңсыз кесу фактілерінің жолын кесуге бағытталған. Автожолдарда арнайы бекеттер қойылып, қылқан жапырақты ағаштарды тасымалдаудың заңдылығы, олардың шығу тегі, сатып алу, қайта сату және дайындау көздері мұқият тексерілуде. Аталған профилактикалық шаралар 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Рейд басталғаннан бері шыршаларды сатудың 19 орны тексерілді, Астана орманы қызметкерлерімен бірлесіп 18 рейдтік іс-шара өткізілді. Сонымен қатар ведомство өкілдері сатушылар арасында аумақты абаттандыру қағидаларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп жатыр.