Астана қаласының полицейі Азия кубогында ел намысын қорғады

Астана қаласының полицейі Азия кубогында ел намысын қорғады

13–15 желтоқсан күндері ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай дзюдо, самбо және қазақ күресінен Қарағанды қаласында өткен Азия кубогы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оған Қазақстанның және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия мемлекеттерінен 300-ден аса мықты спортшылар қатысты. Аталған халықаралық жарыста Астана қаласы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы Әділхан Аманбаев жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Жарыс қорытындысы бойынша ол самбо күресінен 79 келі салмақта II орын жеңіп алып, сондай-ақ қазақ күресінен қола жүлдеге ие болды. Қос бірдей спорт түрінен жүлделі орынға көтерілу – спортшының жан-жақты дайындығын, физикалық төзімділігі мен мықты рухын айқын көрсетеді.
Полиция капитаны Әділхан Төлеуханұлы ішкі істер органында 2014 жылдан бері қызмет атқарады. Қызметтік міндеттерін абыроймен атқара отырып, спорт арқылы салауатты өмір салтын насихаттап, жастарға үлгі болуда. Оның бұл жетістігі – ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығы мен тәртіптілігінің, сондай-ақ спортқа деген тұрақты қолдаудың нәтижесі.
Астана қаласы Полиция департаменті әріптесін халықаралық деңгейдегі жарыста көрсеткен жоғары нәтижесімен құттықтап, алдағы уақытта да толағай табыстар мен жаңа жеңістер тілейді.