
Елордада «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды. Іс-шара барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу, профилактика жасау және жолын кесу бағытындағы жұмыстар күшейтілді.
Тұрғын үйлерге, қаңырап бос тұрған ғимараттарға және саяжай алқаптарына рейдтік іс-шаралар мен аралау жұмыстары жүргізілді. Жалға берілетін тұрғын үй-жайлар тексерілді. Сондай-ақ азаматтық қару иелері мен профилактикалық есепте тұрған тұлғалар да тексеруден өтті.
Іс-шара аясында тұрғындармен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, ақпараттық буклеттер таратылды. Сонымен қатар интернет желісінде құқыққа қайшы контентті анықтау бойынша жұмыстар атқарылды. Тұрақты мекенжайы жоқ тұлғалар анықталып, ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне қойылды.
ЖПІ барысында 2 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде: шетел азаматтарының тұру қағидаларын бұзудың 609 дерегі, қоғамдық орындарда кальян тұтынудың 117 жағдайы, тыныштықты бұзудың 248 фактісі, ұсақ бұзақылықтың 33 дерегі, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруінің 91 жағдайы, сондай-ақ қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішуге қатысты 97 дерек тіркелді. Барлық анықталған құқық бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданып, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Елордада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары тұрақты негізде жалғасатын болады.