
Елордада жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ жазаның бұлтартпастығы қағидатын іске асыруға бағытталған «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдары бар автокөлік жүргізушілеріне 2 275 хабарлама табыстады.
Көлік құралын басқару құқығы жоқ, сондай-ақ міндетті сақтандыру полисінсіз көлік басқарған 9 жүргізуші анықталып, ұсталды.
Алименттік міндеттемелер, банк және өзге де төлемдер бойынша қарызы бар 868 жүргізушіге қатысты жиналған материалдар жеке сот орындаушыларына жолданды.
27 көлік құралы коммуналдық айып тұрағына қойылды.
Полиция ескертеді: құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмыстары тұрақты негізде жалғасады. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында заңнама талаптарын бұзудың кез келген фактісі уақтылы тоқтатылатын болады.