
Астана қаласының Полиция департаменті Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау органдарымен бірлесе отырып, 2025 жылдың 5 желтоқсанынан 2026 жылдың 3 қаңтарына дейін қала аумағында заңсыз айналымдағы және сертификатталмаған пиротехникалық өнімдерді анықтап, тәркілеуге бағытталған «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр.
Аталған шара жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық бұйымдарға сұраныстың артуына байланысты қауіпсіздік талаптарын күшейту, жарамсыз және қауіпті өнімдердің тұрғындар қолына түсуіне жол бермеу мақсатында ұйымдастырылған.
Іс-шара барысында полиция және ТЖД қызметкерлері сауда орындарын, базарлар мен уақытша павильондарды тексеріп, заңсыз өнімдерді анықтауға бағытталған рейдтер жүргізуде.
ЖПІШ негізгі мақсаттары: сертификатталмаған және қауіпсіздік талаптарына сай емес пиротехниканы заңсыз сатуды анықтау, сақтау, тасымалдау және сату ережелерінің бұзылу фактілерінің алдын алу, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Полиция департаменті қала тұрғындарына және кәсіпкерлерге ескертеді: пиротехникалық бұйымдарды контейнерлерден тыс, рұқсат қағазы мен арнайы лицензиясы жоқ тұлғалардың ашық павильондарда, автокөліктерде, шатырларда, қолма-қол сауда орындарында және жерасты өткелдерінде сатуға қатаң тыйым салынады.
Құқық қорғау органдары күмәнді сауда нүктелері туралы ақпаратты полицияның «102» нөміріне немесе «102» мобильді қосымшасы арқылы хабарлауға шақырады.