Елордада «Заң және тәртіп»қағидаты аясында салауатты өмір салтын таңдауға шақыратын мотивациялық сабақ өтті

Елордада «Заң және тәртіп»қағидаты аясында салауатты өмір салтын таңдауға шақыратын мотивациялық сабақ өтті

«Esil University» жоғары оқу орнында «Астана – есірткісіз қала» акциясы өтті. Іс-шараны елордалық Полиция департаменті «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырды. Акцияның мақсаты – жастар арасында есірткіге қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру, дұрыс өмірлік ұстанымдарға баулу және заңға құрмет сезімін нығайту.
Кездесуге Қазақстан чемпиондары, рекордсмендер және спорт пен өнер саласының танымал тұлғалары шақырылды: күш атлеті, төрт дүркін әлем рекордшысы Сергей Цырульников, бокстан әлем чемпионы, еңбек сіңірген спорт шебері Мерей Ақшалов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер және тележүргізуші Әділ Ахметов, сондай-ақ танымал блогер Нұргелді Кердеш. Қонақтар өздерінің жеке тәжірибесі арқылы тәртіп, табандылық және салауатты өмір салтын ұстануға көмектесетін құндылықтар туралы айтты.
Спикерлер есірткінің зияны мен есірткі қылмыстары үшін көзделген жауапкершілік жөнінде жан-жақты түсіндіріп, саналы таңдау – жастардың қауіпсіз болашағының негізі екенін атап өтті.
Студенттер алдында нарколог дәрігер де сөз сөйлеп, психоактивті заттарды қолданудың қандай медициналық салдарға әкелетінін түсіндірді. Іс-шара кинологиялық қызмет пен полицияның арнайы бөлімшелерінің көрсетілімді нөмірлерімен аяқталды.
Елордалық полиция жастарды есірткі қаупіне қарсы тұруға тарту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті.
Бүгінде студенттер профилактикалық кездесулерге қатысып қана қоймай, наркограффитиді бояу акцияларына белсенді қатысады, сондай-ақ тыйым салынған жарнаманы тарататын интернет-ресурстарды анықтауға және бұғаттауға көмектеседі.
Мұндай бірлескен жұмыс «Заң және тәртіп» тұжырымдамасының құндылықтарын нығайтып, жауапты әрі әлеуметтік белсенді елордалық жастарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.