
Астанадағы туристік полиция қызметкерлері елордаға келген шетелдік қонақтарға қаламыздың көрікті орындарын таныстырып, қажетті бағыт-бағдар беруде.
Мәселен Гана Республикасынан келген турист «Бәйтерек» монументі туралы және Астана қаласында қай жерде серуендеуге болатынын сұрап жүгінді. Туристік полиция инспекторы полиция капитаны Асылбек Жұбат оған «Бәйтерек» монументінің тарихы мен ерекшеліктерін түсіндіріп, сондай-ақ EXPO аумағы, Бейбітшілік пен келісім сарайы, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы, Есіл жағалауы сияқты басқа да көрікті жерлер туралы әңгімеледі. Қонаққа ұлттық тағамдардан дәм тата алатын мейрамханалар мен дәмханаларды ұсынып, қазақ ұлттық асханасының ерекшеліктерін таныстырды. Естелік ретінде туристке қаланың туристік картасы және Red Bus бағытының картасы табысталды.
Кейін, Эфиопиядан келген шетел азаматы турполицияға жүгініп, Астананың негізгі көрікті жерлері және көздеген нысанының мекенжайы жөнінде сұрады. Полиция капитаны елорданың танымал нысандары туралы жан-жақты ақпарат беріп, қажетті мекенжайды түсіндірді. Одан кейін туристің өтініші бойынша орналасқан жерге дейін такси шақырылып, қауіпсіз жетуіне жәрдем көрсетілді. Қонақ көрсетілген көмек үшін шынайы ризашылығын білдірді.
Екі жағдайда да полиция капитаны шетелдік азаматтарға сыпайы түрде кеңес беріп, олардың қалада еркін бағдарлауына және уақытын тиімді өткізуіне көмектесті. Туристер Қазақстан полициясының ашықтығына және қонақжайлығына алғыстарын айтып, қызметкерлерге табыс тіледі.
Астана қаласының турполициясы шетелдік қонақтардың қауіпсіздігі мен жайлы демалысын қамтамасыз ету, сонымен қатар елорданың туристік имиджін нығайту бағытындағы жұмысын жалғастыруда.