Астаналық полицейлердің үйлесімді әрекеті 5 жастағы баланың табылуына көмектесті

Астаналық полицейлердің үйлесімді әрекеті 5 жастағы  баланың табылуына көмектесті

Елорда полициясына Сарыарқа ауданында кәмелетке толмаған баланың жоғалып кеткені туралы хабарлама түсті. Оқиға кешкі серуен кезінде орын алған. Белгілі болғандай, ер адам 5 жастағы ұлымен бірге аулаға серуендеуге шыққан. Қысқа уақытқа алаңдап қалған сәтінде баласының жоғалып кеткенін байқайды.
Алғашында әке өз бетімен баланы іздеуге тырысқан, алайда іздестіру жұмыстары созылып кеткенін түсініп, бірден полицияға жүгінеді.
Жедел жеткен полиция қызметкерлері дереу іздестіру шараларын бастады. Іс-шараларға ювеналдық полиция, учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік жасақтар және жедел уәкілдер жұмылдырылды. Құқық қорғау органдары қызметкерлері жақын маңдағы аумақты тексеріп, көше бақылау камерларындағы жазбаларды қарап шықты.
Іздестіру барысында баланың біраз уақыт аулада жүргені, кейін подъездердің біріне кіріп кеткені анықталды. Бала аман-есен табылып, әкесіне тапсырылды.
Астана қаласы Полиция департаменті ата-аналарды сақтық шараларын қатаң сақтауға және балаларды қоғамдық орындарда қараусыз қалдырмауға шақырады.