
Елордада «Астана Арена» стадионында Қазақстан және Бельгия ұлттық құрамалары арасында футбол матчында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режимде қызмет атқарды.
Ойын алдында Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Ержан Әділбековтың қатысуымен жеке құрамның кезекті саптық жиынын өткізді. Жиында стадион аумағында және оған іргелес аймақтарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты нақты тапсырмалар берілді. Департамент басшылығы қызметкерлерге ойын өткізілетін жердегі адамдардың көп шоғырлануын ескерте отырып, қауіпсіздік талаптарын күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қозғалысын реттеу, сондай-ақ шетелдік қонақтармен жұмыс істеу тәртібі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін барлығы 3300 қызметкер жұмылдырылды.
Іс-шараны бақылау және қауіпсіздікті арттыру мақсатында турникет, бейнебақылау камералары орнатылды. Полиция департаментінің шағын Жедел басқару орталығы жұмыс істеді.
Ойын күні қала тұрғындары мен қонақтарының ыңғайлылығы үшін 5 негізгі нүктеден («Астана» циркі, «Хазрет Сұлтан» мешітінің автотұрағы, «Қазақстан» спорт сарайы, “Бас мешіт” және «Орталық парк» автотұрақ аумағы) «Астана Арена» стадионына автобус қатынады. Бұл шара стадион маңындағы жол жүктемесін азайтып, көлік кептелістерінің алдын алуға мүмкіндік берді.
Туристік полиция шетелдік қонақтарға ақпараттық және құқықтық көмек көрсетті. Қалаға келген туристерге бағыт-бағдар беріп, нысандарға жетуіне және қауіпсіздігіне қолдау көрсетілді.
Сонымен қатар, футбол матчын көруге келген жанкүйерлерге қоғамдағы өзекті мәселе, интернет-алаяқтықтан қорғану, алдын алу бойынша парақшалар таратылды.
Іс-шарада қоғамдық қауіпсіздікті жоғары деңгейде ұйымдастырған тәртіп сақшыларына футбол ойынына келген қала тұрғындары мен қонақтар алғыстарын білдіріп, полиция қызметкерлерінің кәсіби жұмысына оң бағасын берді.
Елордалық Полиция департаменті азаматтарды қоғамдық орындарда сақ болуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және жеке заттарына мұқият қарауға шақырады. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының заңды талаптарын орындау – баршамыздың қауіпсіздігіміздің кепілі екенін еске салады.