Елордада Қазақстанның әр аймағынан келген 16 қазіргі заман қаһарманы марапатталды

Елордада Қазақстанның әр аймағынан келген 16 қазіргі заман қаһарманы марапатталды


Бүгін елордада бейбіт уақытта ерлік пен батырлық танытқан полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланы әскери қызметшілерін ұлықтауға арналған республикалық «Қазіргі заман қаһарманы» акциясы өтті.
Іс-шараға қатысушыларға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі департаментінің бастығы Олжас Мырзабеков, Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаев және Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетов құттықтау сөз сөйледі.
Салтанатты рәсім барысында 15 полиция қызметкері мен бір Ұлттық ұланы әскери қызметшісі марапатталды. Олар — қызметтік борышын атқару кезінде шынайы ерлік пен жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен, ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғаған батыр жандар.
Полиция генерал-майоры Марат Тулебаев марапат иелеріне ведомстволық алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етіп, атап өтті:
«Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында өткізілетін, «Қазіргі заман каһарманы» республикалық акциясы – қоғамға қызмет етуді, өмірінің мәні мен адамдарға деген терең құрмет пен, алғыс білдірудің нышаны. Арамызда, өзгенің өмірін құтқару үшін, еш ойланбастан қауіпке қарсы қадам жасаған, азаматтар бар.Бірі, өз өмірін қатерге тігіп, өртеніп жатқан үйден баланы құтқарды. Бірі, көлік астында қалған адамды тартып шығарып, қайғылы жағдайдың алдын алды. Сіздердің әрқайсыңыз жас қызметкерлер үшін үлгі, және нағыз, полиция офицерінің бейнесі», — деді Марат Төлебаев.
Іс-шараға астана әкімдігі өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері, «Жас сақшы» полицейлік сыныптарының оқушылары мен мектеп директорлары, сондай-ақ қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полицейлердің аналары мен жұбайлары қатысты.
Салтанатты рәсімнің ең әсерлі сәттерінің бірі – ішкі істер министрі атынан қаза тапқан қызметкерлердің аналары мен жұбайларына гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ жастарға патриоттық тәрбие беруде белсенділік танытқан мектеп директорларына алғыс хаттар берілді.
Іс-шара соңында полиция мен Ұлттық ұлан қызметкерлерінің ерлігіне, адалдығына және борышына беріктігіне арналған концерттік бағдарлама өтті.