
Астана қаласында 3–5 қараша аралығында интернет-алаяқтық пен киберқылмыстардың жолын кесу мақсатында «Hi-Tech» жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде.
Шараның басты мақсаты – азаматтардың киберқауіпсіздік саласындағы сауаттылығын арттыру, интернеттегі алаяқтық әрекеттердің алдын алу және тұрғындарды сақтыққа шақыру.
Іс-шара аясында Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері елорданың жоғары оқу орындары мен орта мектептерінде түсіндіру кездесулерін өткізуде. Сабақтар мен ашық диалогтар барысында жастарға интернеттегі қауіптер, әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалар арқылы жиі кездесетін алаяқтық түрлері туралы нақты мысалдар келтірілді.
Полицейлер жалған инвестициялық жобалар, онлайн-сауда алаңдарындағы фейк жарнамалар, «қауіпсіз шотқа ақша аудару», жалған несие рәсімдеу және бөтен атынан тіркелген аккаунттар арқылы жасалатын алаяқтық сызбалары туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.
Кездесулер барысында азаматтарға жеке деректер мен банк карталарының нөмірін, CVV-кодтарын, бір реттік SMS-кодтар мен құпиясөздерді ешкімге бермеу қажеттігі ескертілді. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз адамдардың ұсыныстарына сенбеу және тек ресми интернет-ресурстарды пайдалану қажеттігі баса айтылды.
Сонымен қатар, тұрғындарға алаяқтық фактілерінің алдын алу бойынша арнайы жадынамалар таратылып, түсіндірме бейнематериалдар көрсетілді.
Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарды интернет кеңістігінде аса сақ болуға шақырады. Егер сізге бейтаныс адам күмәнді хабарламамен немесе қаржылық ұсыныспен хабарласса, әңгімелесуді дереу тоқтатып, 102 нөміріне қоңырау шалу қажет.