
Астана қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері 87 жастағы елорда тұрғыны зардап шеккен ірі көлемдегі интернет-алаяқтық дерегін әшкереледі.
Оқиға биылғы жылдың тамыз айында болған. Белгісіз адамдар мессенджер арқылы зейнеткерге қоңырау шалып, өздерін полиция мен Ұлттық банктің қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар зейнеткерге белгісіз біреулер оның пәтерін өз атына аударып, саудаға шығарып жатыр деп сендірген. «Мүлкін сақтау үшін» ер адамға пәтерін өзі сатып, түскен қаражатты «қауіпсіз есепшотқа» аударуды ұсынған.
Әңгіме барысында алаяқтар зейнеткерді ІІМ мен Ұлттық банк қылмыскерлерді ұстауға бағытталған «құпия арнайы операция» жүргізіп жатыр деп сендіріп, бұл туралы туыстарына да айтпауын талап еткен. Олардың нұсқауын орындаған зейнеткер риэлторлық компанияға жүгініп, пәтерін сатып, 39 миллион теңгені «қауіпсіз есепшотқа аудару» үшін курьерге берген.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Жедел іс-шаралар барысында полицейлер қылмысқа қатысы бар 23 жастағы ер адамның жеке басын анықтап, оны ұстады. Тексеру кезінде оның жанынан 39 миллион теңге табылып, тәркіленді.
Ұсталған адам Астана қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал тәркіленген ақша иесіне қайтарылды.
Биылғы жылдың басынан бері елорда аумағында үш мыңнан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Олардың ішінде ең осал топ – 50 жастан асқан азаматтар, себебі олар көбіне қаржылық сауаттылықтың төмендігінен қылмыскерлердің құрбанына айналады.
Полиция азаматтарды сақ болуға және бейтаныс адамдардың қоңырауларына сенбеуге шақырады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері ешқашан мүлікті сатуды, несие рәсімдеуді немесе ақшаны «қауіпсіз есепшотқа» аударуды сұрамайды. Осындай мазмұндағы қоңырау түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабарласу қажет.
Мүлкіңіз бен жинағыңызды қорғаңыз!