Елордалық туристік полиция қызметкері шетелдік қонақтарға көмек көрсетті

Елордалық туристік полиция қызметкері шетелдік қонақтарға көмек көрсетті

Астананың қонақжай келбетін тағы бір мәрте дәлелдеген оқиға елорданың басты нышандарының бірі – «Бәйтерек» монументі жанында орын алды.
Беларусь елінен келген екі турист елорданы аралап жүріп, туристік полиция инспекторы полиция капитаны Балжан Каратаеваға жолығады. Қонақтар одан туристік автобустардың жүру уақыты мен бағытын, сондай-ақ қаланың ең қызықты және әсем жерлері туралы сұрайды.
Кәсіби біліктілігі мен жоғары мәдениеттілігімен ерекшеленетін Балжан шетелдік туристерге толық ақпарат беріп, оларға Астананың көрікті орындары — ЭКСПО қалашығы, Президенттік саябақ, «Астана Опера», «Ботаникалық бақ» және «Хан Шатыр» орталығы туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Қонақжайлылықтың белгісі ретінде инспектор туристерге Астананың көрікті жерлері бейнеленген кітап, карта және ақпараттық буклеттерді сыйға тартты.
Беларусьтен келген саяхатшылар жылы қабылдау мен пайдалы кеңестер үшін ерекше ризашылығын білдіріп, елорда полициясының сыпайы әрі ілтипатты қызметіне жоғары баға берді.
Туристік полиция қызметкерлері күн сайын шетелдік және отандық саяхатшыларға бағыт-бағдар беріп, қауіпсіз әрі жайлы демалысын қамтамасыз етуге атсалысып келеді.
Олардың басты мақсаты – Астананы шетелдік қонақтар үшін қауіпсіз әрі есте қаларлық қалаға айналдыру.