
Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Марат Төлебаевтың төрағалығымен елорданың ойын-сауық орындарының қызметіне байланысты проблемалық мәселелерді талқылауға арналған кеңес өтті.
Кеңеске прокуратура өкілдері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, әкімдік, Мемлекеттік кірістер департаменті, «AMANAT» партиясы, мәслихат депутаттары және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар қатысты.
Жиында қоғамдық тәртіпті сақтау, ойын-сауық мекемелерінің заң талаптарын орындауы, олардың қызметін бақылау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мәселелері қаралды.
Биылғы жылдың басынан бері полицияға ойын-сауық орындарында түрлі құқық бұзушылықтар бойынша 11 мыңнан астам қоңырау түскен.
Кеңес барысында уәкілетті органдардың өзара жүйелі жұмысы мен қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар қатысушылар вандализмнің алдын алу, кальян қолдануға жол бермеу, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қалалық ортаны абаттандыру, сондай-ақ түнгі уақытта тыныштықты бұзу мен кәмелетке толмағандардың ересектердің ілесінсіз көшеде жүруіне жол бермеу мәселелерінде профилактикалық жұмысты күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес ішкі істер органдары қоғамда құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын орнықтыру, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл – Әділетті Қазақстанның негізін құрайтын басты әрі іргелі қағида. Біздің мақсат – бизнес еркін дамып, азаматтар өздерін жайлы әрі қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыру», — деп атап өтті Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.
Кеңес қорытындысында ойын-сауық орындары саласындағы бақылау және құқықбұзушылықтардың алдын алу тетіктерін жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірленді.