
Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Марат Төлебаевтың төрағалығымен есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес отырысы өтті.
Отырысқа Мәслихат депутаттары, танымал спортшылар, қоғам қайраткерлері мен көпшілікке белгілі тұлғалар қатысты. Олар есірткі қылмыстарының алдын алу және халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру ісіне үлес қосуды мақсат тұтады.
Кездесу барысында Кеңестің жаңа мүшелеріне куәліктер табысталды. Бұл олардың бірлесіп жұмыс істеуге және есірткінің алдын алу, заңға бағынушылықты насихаттау, сондай-ақ профилактикалық қызметті жетілдіруге бағытталған нақты шараларды жүзеге асыруға дайын екенін білдіреді.
Астаналық есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес тәжірибесін Ішкі істер министрлігі маңызды бастама ретінде танып, өңірлерге оң үлгі ретінде таратылатынын атап өтті. Кеңес мүшелері өз жұмыс бағыттары бойынша бастамаларын таныстырып, жоспарланған жобаларды іске асыруға бар күш-жігерлерін жұмсауға уәде берді. Жиында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған жаңа міндеттер айқындалды.
Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев мемлекет пен қоғамның бірлескен күшінің есірткі қаупіне қарсы күрестегі маңызын атап өтті:
«Тек қана қоғамның белсенді қатысуы мен әр адамның жеке жауапкершілігі арқылы ғана есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуда және жастарды есірткінің теріс ықпалынан қорғауда тұрақты нәтижелерге қол жеткізуге болады», — деді департамент бастығы.
Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес қоғамды есірткі қатерінен қорғау ісінде нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздей отырып, жүйелі түрде жұмыс істейтін болады.