Астанада полицейлер жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу шараларын күшейтуде

Астанада полицейлер жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу шараларын күшейтуде

«Астана – есірткісіз қала» жоспарын іске асыру аясында 2023–2025 жылдарға арналған есірткі қылмыстарының алдын алу жөніндегі кеңес құрылды. Оның құрамына депутаттар, спортшылар, медиа тұлғалар және қоғам қайраткерлері енген. Олар бірлесе отырып, мектептер мен жоғары оқу орындарында кездесулер, ашық диалогтар, дөңгелек үстелдер, нашақорлыққа қарсы марафондар мен квестер, спорттық турнирлер және көше акцияларын өткізуде.

Жастармен жұмыс істеуде жаңа әрі заманауи форматтарға ерекше мән берілуде. Наркограффитиді бояу, шығармашылық флешмобтар мен байқаулар сияқты бірлескен шаралар арқылы полицейлер жасөспірімдерге өз денсаулығы мен болашағына жауапкершілікпен қараудың маңызын түсіндіреді.

Профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігі ретінде танымал тұлғалар мен блогерлер тартылуда. Мысалы, «Astana Polytechnic» жоғары колледжінде Астана қаласы авто және мото спорт федерациясының төрағасының қатысуымен «Есірткі қолдану мен таратудың құқықтық аспектілері» тақырыбында дәріс өтті.

Спикер қазіргі психоактивті заттардың зияны мен олардың адам ағзасына әсері туралы айтып берді. Іс-шараға 300-ден астам студент қатысты.

Нашақорлықтың алдын алу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады — оған түрлі әлеуметтік топтар, қоғамдық ұйымдар және пікір көшбасшылары тартылатын болады.