Астана қаласы Полиция департаментінде қызмет бастықтары мен аумақтық бөліністер басшыларының қатысуымен кеңес өтіп, онда биылғы жылдың тоғыз айындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалды.
Полиция жұмысы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылады. Қолға алынған кешенді шаралардың нәтижесінде қалада оң жетістіктерге қол жеткізілді.
Атап айтқанда, Астанадағы қылмыс деңгейі 12,8%-ға төмендеген, барлық санаттағы қылмыстардың тіркелуі азайған.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Ағымдағы жылдың тоғыз айында жол-көлік оқиғаларының саны 25,6%-ға артқан. Осыған байланысты жолдарда, сондай-ақ мектептер мен балабақшалар маңындағы аумақтарды патрульдеу жұмысы күшейтілді.
Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл саласында жыл басынан бері шамамен мыңға жуық есірткіге қатысты құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 300-ге сату фактісімен байланысты. Үш ұйымдасқан қылмыстық топ пен бір есірткі зертханасының қызметі әшкереленді. Заңсыз айналымнан 410 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді.
Есірткі заттарын насихаттайтын мыңнан астам интернет-ресурс бұғаттауға жіберілді.
Интернет-алаяқтықтың жалпы саны 13%-ға азайған. Киберқылмыстар саласында 3 200-ден астам құқық бұзушылық ашылып, 800-ден астам заңсыз интернет-ресурс бұғаттауға жіберілді.
Сонымен қатар кәмелетке толмаған жасөспірімдер тарапынан жасалатын қылмыстардың өсуі байқалады. Оған ата-аналар тарапынан төмен деңгейде бақылау жасалатыны негізгі себеп болып отыр. 200-ден астам ата-ана бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз болып қала береді. Жарияланған Профилактика жылы аясында қылмыспен күресте заманауи тәсілдерді қолдана отырып, жұмыс тиімділігін арттыруымыз қажет. Әрбір қызметкер өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, халықтың полицияға деген сенімін нығайтуға маңызды», – деді Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.