Елордада көші-қон заңнамасын бұзу және шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту фактілерін анықтауға бағытталған «Заңсыз келуші» жедел-алдын алу іс-шарасы жалғасуда. Полиция қызметкерлері мигранттар жұмыс істеуі мүмкін орындарда рейдтер мен тексерістер жүргізуде.
Іс-шара барысында бірқатар заңбұзушылықтар белгілі болды. Мәселен, бір жұмыс беруші еңбек қызметіне заңды құқығы жоқ 40-тан астам мигрантты аула сыпырушы ретінде жұмысқа тартқаны анықталды.
Сондай-ақ қоқыс өңдеу зауыттарының бірінде шамамен 30 мигрантты заңсыз жұмысқа қабылдаған кәсіпорын әшкереленді. Бұдан бөлек, жеке басын куәландыратын және елде болуға құқығын растайтын құжаттары жоқ адамдардың жөндеу жұмыстарын жүргізгені белгілі болды.
Барлық жұмыс берушілер мен заңсыз еңбек еткен тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция еске салады: көші-қон заңнамасын бұзғаны және шетелдік азаматтарды заңсыз жұмысқа тартқаны үшін айыппұлдар мен өзге де шаралар көзделген. Оның ішінде елден шығару да бар.