Астана қаласының полицейлері интернет арқылы пәтерді жалға беремін деген сылтаумен бірқатар алаяқтық әрекет жасаған 34 жастағы ер адамды ұстады.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті танымал интернет-платформаларда жалған хабарландырулар орналастырған. Пәтер жалдағысы келген азаматтар көрсетілген байланыс арқылы хабарласып, алдын ала төлем жіберген. Ақша алған соң ол байланысқа шықпай қойған.
Қазіргі уақытта шамамен 25 эпизод тіркелді.
Жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктінің тұлғасы анықталып, ол қолға түсті.
Полиция тұрғындарға ескертеді: интернет арқылы пәтер жалдағанда аса сақ болыңыздар. Расталған ақпарат пен ресми келісімшартсыз бейтаныс адамдарға алдын ала төлем жібермеңіздер.