Астана қаласында туристік полиция қызметкерлері елордаға келген шетелдік азаматтарға көмек көрсетуді жалғастыруда.
Елордалық туристік полиция қызметкерлері Германия, Ресей және Түркия елдерінен келген бірнеше туристке бағыт-бағдар беріп, қажетті ақпаратпен қамтамасыз етті.
Германиядан келген туристер алғаш рет Қазақстанға саяхаттап келіп, “ЭКСПО – Нұр Әлем” павильонына қалай кіруге болатынын және елордада қай жерлерді аралауға болатынын сұраған. Полицейлер толық ақпарат беріп, оларға туристік кітапша мен қаланың картасын сыйға тартты.
Сондай-ақ Новосибирск қаласынан келген турист “Нұр Әлем” нысанының ішіндегі технологиялар мен павильонға кіру тәртібі туралы қызығушылық танытқан. Туристік полиция қызметкерлері оған да жан-жақты түсініктеме беріп, бағыт-бағдар көрсеткен.
Ал Түркиядан келген туристер өздерінің орналасқан жерін табуға көмек сұраған. Полиция қызметкерлері түрік тілінде сөйлесіп, қонақтарға нақты нұсқаулық беріп, жол көрсеткен.
Барлық шетелдік азаматтар Қазақстан халқының қонақжайлығын, полиция қызметкерлерінің мәдениеттілігі мен кәсіби біліктілігін ерекше атап өтіп, ризашылықтарын білдірді.