Нөмірін жапқан – жүргізуші куәлігінен айырылды: Астанада құқық бұзушы ұсталды

Нөмірін жапқан – жүргізуші куәлігінен айырылды: Астанада құқық бұзушы ұсталды

Астана қаласының полицейлері патрульдеу кезінде көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірін әдейі жасыру әрекетіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.

21 жастағы жүргізуші ақылы автотұраққа көлігін қойып, төлемнен жалтару мақсатында нөмірдің бір бөлігін жапқан. Тұрақ аумағынан шыққан кезде жапқышты шешпей, жол қозғалысын жалғастырған. Нәтижесінде оны полиция қызметкерлері тоқтатты.

Аталған факті бойынша құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Сот шешімімен жүргізуші бір жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылып, әкімшілік қамауға алынды. Көлік коммуналдық тұраққа қойылды.

Астана қалалық Полиция департаменті азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады және нөмірлік белгілерді әдейі жасыру әрекеттері заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.