Қоғамдық орындарды ластау мәселесі елорда үшін өзекті күйінде қалып отыр. Биылғы жылдың басынан бері Астанада қоғамдық орындарды ластаудың 12 мыңға жуық дерегі тіркелген. Оған көшелерге, аялдамаларға, саябақтар мен аулаларға қоқыс тастау, темекі қалдықтарын, түкіріктерді лақтыру, сондай-ақ көліктің терезесінен қалдық шығару фактілері жатады. Мұндай әрекеттер қаланың келбетін бұзып қана қоймай, тұрғындардың санитарлық қауіпсіздігіне де қатер төндіреді.
Қалалық полиция осындай құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Жедел басқару орталығының операторлары бейнебақылау камералары арқылы ластау деректерін тіркейді. Ақпарат бірден полицияның кезекші нарядтарына жолданып, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тәртіпті сақтауға елорданың бейжай қарамайтын тұрғындары да елеулі үлес қосып отыр.
Полиция ескертеді: қоғамдық мәдениет нормаларын сақтамау заң бойынша жауапкершілікке әкеледі. Қаланың тазалығы – бәріміздің ортақ еңбегіміз, сондықтан әр азамат өз өмір сүріп жатқан ортасының жағдайы үшін жеке жауапты.
Полиция астаналықтарды тазалықты сақтауға және айналасындағыларға үлгі болуға шақырады. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана Астананы таза, жайлы әрі өмір сүруге қолайлы қала ретінде сақтап қалуға болады.