Астана қаласында азаматтардың өтініштері мен шағымдарын жедел әрі ыңғайлы түрде қабылдау мақсатында омниканалды жүйе тиімді жұмыс істеуде. Жыл басынан бері аталған жүйе арқылы 16 мыңнан астам хабарлама қабылданды.
Омниканалды қабылдау жүйесі – азаматтардың полиция органдарына чат-бот, Egov порталы, Kaspi және Halyk қосымшалары арқылы, Telegram сияқты әлеуметтік желілер және басқа да онлайн платформалар арқылы өтініш жолдауына мүмкіндік береді. Бұл тәсіл полиция мен тұрғындар арасындағы өзара байланысты күшейтіп, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Мысалы, Egov қосымшасы арқылы қала тұрғыны Ақмешіт көшесінде “Toyota Camry” маркалы автокөліктің мүгедектерге арналған тұраққа қойылғаны жөнінде шағым түсірген. Аталған дерек бойынша полиция қызметкері көлік жүргізушісіне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 597-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды қоғамдық тәртіп пен құқықтық нормаларды сақтауға шақырады. Сондай-ақ тұрғындарға кез келген құқық бұзушылықты анықтаған жағдайда омниканалды қабылдау жүйесі арқылы хабарлау мүмкіндігі бар екенін еске салады.