Астана қаласы Сарыарқа аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қаладағы дәмханалардың бірінде жұмыс істейтін даяшыны ұстады.
Тергеу барысында анықталғандай, 32 жастағы әйел келушілердің бірінің мас күйін пайдаланып, оның телефонынан «Kaspi.kz» мобильді қосымшасын ашып, 150 мың теңге көлеміндегі ақшалай қаражатты заңсыз иемденген. Күдікті өз кінәсін мойындады.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде, күдіктінің әрекетіне құқықтық баға берілетін болады.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға қаржылық қауіпсіздікке мұқият болуды ескертеді: Ұялы телефоныңызды қараусыз қалдырмаңыз, PIN-код, пароль және қол жеткізу кодтарын ешкімге жария етпеңіз. телефон экранын құпиясөзбен немесе биометрикалық қорғаумен (саусақ ізі, Face ID) қорғаңыз, қоғамдық орындарда, әсіресе алкогольдік ішімдік ішкен жағдайда, телефоныңызды бөтен адамдарға бермеңіз, банк қосымшасында SMS/Push-хабарламаларды қосып, транзакцияларды қадағалаңыз. Күмәнді жағдай орын алса, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттаңыз және полицияға жүгініңіз.