Елордада есірткі қылмысына қарсы бағытталған 30 күндік кешенді шаралар жалғасуда. Айлық аясында полиция прокуратурамен бірлесіп, есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесуге бағытталған алдын алу жұмыстарын күшейтуде.
Аталған жұмыстардың бір бағыты – интернет-тапсырыстарды беру пункттерінде жүргізілген рейдтік іс-шаралар болды. Тексерістерге кинологиялық қызмет мамандары мен қосымша полиция жасақтары тартылды. Мұндай орындар тыйым салынған заттарды сақтау және жеткізу үшін пайдаланылуы мүмкін.
Сонымен қатар осындай іс-шаралар қаланың автобекеттерінде де өткізілді. Полицейлер жолаушылардың багаж бөлімдерін және жеке заттарды сақтау орындарын тексеріп, елорда көлік тораптары арқылы есірткі құралдарының тасымалдануына жол бермеу жұмыстарын жүргізді.
Рейдтердің мақсаты – есірткіні өткізу фактілерін анықтап, жолын кесу ғана емес, сонымен қатар мұндай қылмыстардың алдын алу.
Полиция есірткі қылмысына қарсы күрес бірлескен күш-жігерді қажет ететінін еске салып, азаматтарды күдікті жағдайлар туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады. Наркотикалық қылмыстарды анықтау және алдын алу жұмыстары айлық барысында күшейтілген режимде жалғасады.